Рецензентке арналған нұсқаулық
Мақаланы қарау процедурасы. Автор мақаланы OJS (Open Journal System) жүйесі арқылы журнал сайтына орналастырады. Редактор мақаланың журналдың бағыты мен бөлімдеріне, мақаланы рәсімдеу талаптарына сәйкестігін тексереді, жауапты хатшы «Антиплагиат» жүйесі арқылы заңсыз иемденуге тексеруден өткізеді (шекті деңгей 75%).
Редактор автор қабылдаған мақалаға рецензенттерді тағайындайды.
- Мақалаларды рецензиялау тиісті тақырыптағы немесе зерттеу саласына жақын салалардағы тәуелсіз сарапшылар – ғалымдар немесе мамандар тарапынан жүзеге асырылады. Олар редакциялық алқаның (немесе кеңестің) құрамына кірмейді.
- Мақаланы сараптамадан өткізу үшін рецензентті таңдау шешімін бас редактор немесе ғылыми редакторлар қабылдайды. Редактор мен жауапты хатшы авторлар туралы мәліметтерді көрсетпей, мақаланы журнал сайтының онлайн жүйесі арқылы тақырыпқа сәйкес немесе зерттеу саласына жақын екі тәуелсіз рецензентке жібереді. Рецензенттер – журнал сайтындағы рецензенттер базасына тіркелген мамандар.
- Рецензент өзіне жолданған мақаланы онлайн рецензиялау жүйесі – OJS арқылы белгіленген мерзім ішінде қарайды. Рецензиялау мерзімінің ең ұзақ уақыты – 2 апта.
- Мақалалар міндетті қосарланған «соқыр» рецензиялау рәсімінен өтеді. Бұл – рецензент пен авторлар үшін де анонимді түрде жүзеге асады.
- Егер мақалаға жазылған рецензияда оны түзету қажеттігі көрсетілсе, мақала авторға қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл жағдайда редакцияға түскен күн ретінде түзетілген мақаланың қайтарылған күні есептеледі.
- Авторға қайта өңдеуге жіберілген мақала түзетілген нұсқада екі аптаның ішінде қайтарылуы тиіс. Өңделген қолжазбамен бірге авторлар барлық ескертулерге жауап беретін және мақалаға енгізілген өзгерістерді түсіндіретін хат қоса тапсыруы қажет.
- Егер рецензенттің ұсынымы бойынша мақала елеулі түрде қайта өңделсе, онда ол сын пікірлер білдірген сол рецензентке қайта рецензиялауға жіберіледі.
- Редакция автордың редакция талаптарын орындауға қабілетсіздігі немесе ниетсіздігі жағдайында мақаланы қабылдамай тастау құқығын өзінде қалдырады.
- Рецензиялаудан кейін мақаланы жариялаудың орындылығы туралы шешімді бас редактор, қажет болған жағдайда – редакциялық алқа бірлесіп қабылдайды.
Жариялауға ұсынылған барлық мақалалар жасырын («соқыр», анонимді) қос рецензиялау рәсімінен өтеді.
Келесі жағдайлардағы мақалалар жариялауға қабылданбайды:
– талаптарға сәйкес рәсімделмеген және техникалық өңдеуден бас тартқан авторлардың мақалалары;
– рецензенттің ескертулерін елемейтін немесе негізсіз түрде теріске шығаратын авторлардың мақалалары;
– антиплагиат тексерісінен өтпеген, түпнұсқалығы төмен мақалалар;
– ғылыми жаңалығы жоқ, ғылыми әдістер мен дереккөздерді өңдеу нәтижелерін көрсетпейтін мақалалар.
Ғылыми мақалаға жазылатын рецензияға қойылатын талаптар
Рецензия 25 балдық шкала бойынша бағаланады (рецензиялау формасы).
Рецензияда мақала материалына кәсіби талдау, объективті әрі дәлелді бағалау және ашық баспаға ұсынуға негізделген ұсыныстар қамтылуы тиіс. Рецензенттер мақаланы белгіленген форма бойынша бірқатар критерийлерге сәйкес бағалайды. Атап айтқанда:
- мақала атауының нақты және мазмұнға сәйкес тұжырымдалуы;
- тақырыптың өзектілігі, журнал үшін маңыздылығы, мамандар мен жалпы оқырмандар қызығушылығы;
- мақаланың мазмұнының журналдың профилі мен ғылыми талаптарына сәйкестігі;
- мәселенің қойылуы мен шешімінің ғылыми жаңалығы;
- берілген мәліметтердің, қорытындылар мен ұсыныстардың тәжірибелік маңыздылығы;
- беделді дереккөздер мен ғылыми әдебиеттерге сүйенуі;
- эмпирикалық зерттеу нәтижелерін (соның ішінде автордың өзі жүргізген зерттеулер) қолдануы;
- мақаланың тілі мен стилі, ғылыми мазмұны;
- автор қолданған әдістер мен зерттеу нәтижелерінің қазіргі ғылыми жетістіктермен үйлесімділігі;
- мақаланың көлемі мен құрылымының үйлесімділігі (мәтін, иллюстрациялық материал, библиографиялық сілтемелер);
- иллюстрациялық материалдардың қажеттілігі және тақырыппен сәйкестігі;
- автор тарапынан фактілік қателер мен бұрмалаулардың жіберілуі;
- мақаланы рәсімдеу, аннотация мен кілт сөздерді дайындау, әдебиеттер тізімін рәсімдеу бойынша журнал талаптарының сақталуы.
Рецензенттің ескертулері мен ұсыныстары объективті, нақты әрі ғылыми қолжазбаның деңгейін көтеруге бағытталған болуы тиіс.
Рецензияның қорытынды бөлімінде мыналар көрсетілуі тиіс:
- «Мақала осы күйінде жариялауға ұсынылады» (23–25 балл) — егер қолжазбада ескертулер болмаса, және ғылыми зерттеудің өзектілігі мен жаңашылдығына қойылатын талаптарға толық сай келсе;
- «Мақала рецензент атап өткен кемшіліктер түзетілгеннен кейін жариялауға ұсынылады» (18–20 балл) — бұл жағдайда мақала авторларға өңдеуге қайтарылады. Өңделген нұсқасы келіп түскеннен кейін, редакция алқасы мақаланы қайтадан рецензентке жолдайды. Егер рецензент тарапынан маңызды ескертулер сақталса, мақала редакция алқасымен әрі қарай өңдеуге қайтарылмай, қабылданбайды;
- «Мақала жариялауға ұсынылмайды» (12–14 балл) — бұл жағдайда мақала редакция алқасымен кері қайтарылады немесе бір реттік қосымша рецензияға жіберіледі (қайта рецензиялау тек бір рет рұқсат етіледі).
Мақаланың редакцияға келіп түскен күні оны жариялау кезектілігін анықтауда есепке алынады.
Мақаланы қарастырудың орташа мерзімі — 1–1,5 ай.
Ескерту: Редакциялық алқа мақала бойынша жұмыстардың кез келген кезеңінде оны кері қайтаруға құқылы. Қабылданған шешім туралы авторға журналдың онлайн жүйесі (OJS) арқылы тиісті хабарлама жіберіледі.
Құпиялылық
Рецензиялауға ұсынылған материалдар мен жарияланбаған деректер автор(лар)дың жазбаша келісімінсіз рецензенттер тарапынан жеке зерттеулерде пайдалануға жатпайды. Рецензия нәтижелері құпия ақпарат болып табылады. Мүдделер қақтығысы орын алған жағдайда рецензенттерге мақалаға рецензия жасауға тыйым салынады.
